Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Зеренді ауылының  "БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ"  Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Государственное коммунальное казенное предприятие "ЦЕНТР ДЕТСКО-ЮНОШЕСКОГО ТВОРЧЕСТВА" села Зеренда при отделе образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Аудандық "Бала би" сайысының ережесі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған

«Бала би» облыстық шешендік өнер сайысының

ЕРЕЖЕСІ

Өзектілігі: Қазіргі таңда оқушыларымыз батыстың әндері мен киноларын көріп өскендіктен және басқа да факторлардың әсерінен таза әдеби қазақ тілінде сөйлеуге қиналады. Күнделікті теледидардан немесе қоғамдық орындарда әліпбидің қазақы әріптерін бұрмалап сөйлейтін адамдардың да cаны аз емес. Осы орайда «Бала би» шешендік өнер сайысының өткізілуі қоғамдық қажеттіліктен туындап отыр.

Мақсаты – білім мен шешендік өнерін дамыту арқылы болашақ ел зиялыларын тәрбиелеу, оқушылардың бойына халық даналығы мен салт-дәстүрімізді сіңіру.

Міндеттері:

· қатысушылардың шешендік өнерге деген құштарлығын арттыру;

· оқушылардың сөйлеу шеберліктерін жетілдіру;

· білімдерін арттыру;

· тез шешім қабылдауға бейімдеу;

· ел алдында жасқанбай, өз ойын еркін жеткізуге үйрету;

· дарынды шешендерді қолдау және марапаттау.

Ұйымдастырушылар:

Ақмола облысы білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы.

Сайыстың өткізілу уақыты: 2021 жылдың 2-3 желтоқсаны ZOОM ғаламтор-платформасы арқылы өткізіледі.

Сайысқа қатысу: Аудандық/қалалық білім бөлімдері басшыларының қолы қойылған байқауға қатысу туралы өтінімдер oumc_mo18@mail.ru

электронды поштасына 2021 жылғы 24 қарашаға дейін электронды түрде қабылданады. Анықтама телефондары: 8 (7162) 40-25-50, 87715165220.

Сайысқа қатысушылар: облыстық сайысқа әр ауданнан орта буын (5-8 сынып) оқушыларынан құралған 1 топ қатысады. Топтың құрамы 2 оқушыдан тұрады. Олар уәзір және жырау деп аталады.

Ойынға қатысатын барлық ойыншылар ұлттық нақыштағы арнайы киімде болулары керек.

«Бала би» шешендік өнер сайысының тақырыптары:

1. 2021 жыл – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы. Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың тиімді әрі инновациялық жолдары.

2. Жастардың тіл тазалығын сақтауға бағытталған ұтымды әрі инновациялық іс-шаралар кешені.

3. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Тәуелсіздікті нығайту жолында ұлттық сананы сақтап қалудың маңыздылығы және мұндағы жастардың рөлі.

Сайысты өткізу шарттары мен тәртібі:

«Бала би» шешендік өнер сайысы төрт айналымнан тұрады. Ойында ұпайдың орнына «сәуле» беріледі. «Сәуле» әр бөлімнің қорытындысы бойынша беріледі. Жинаған сәулеге байланысты жеңісі яки жеңілісі анықталады. Ойында барынша көп «сәуле» жинаған топ жеңімпаз атанады. Ойынның жеңімпазын анықтайтын қазылар алқасы болады. Қазылар саны әрқашан тақ санда болуы шарт. Сонымен қатар ойынды жүргізетін, жеребе тастайтын, сұрақтар қоятын жүргізуші және әр ойыншының «сәулелерін» санап, тіркейтін тіркеуші адам болады.

Ойын іріктеу кезеңінен, жартылай финалдан және финалдан тұрады. Әр кезең қорытындысы бойынша ең көп сәуле жинаған топтар келесі кезеңге өтеді. Финалға шыққан 2 топтың біреуі 1 орынға ие болады.

Бірінші айналым - «Қоржын» - 5 минут

Қатысушы амандасады және осы ойынның негізгі тақырыбы жайлы ой қозғайды, талдайды, пікір білдіреді. «Қоржын» кезеңінің құрылымы:

1. «Сәлем – сөздің анасы»

2. Мәйек (тақырып)

3. Көрік қыздыру (тақырыптың өзектілігі)

4. Сыр сандық (анықтама)

5. Ұтқыр сөз (қалыптасқан жағдай)

6. Қара сөз

7. Дәйек сөз

8. Дәйек тірегі

Екінші айналым - «Ұлылар сөзі»

Бұл айналымда әр топқа дана халқымыздың ұлы би-шешендерінің сөздерінен 1 сұрақ қойылады.

Үшінші айналым – «Жыраулар жырлайды»

Бұл айналым тек жыраулар арасында өтпек. Әр тараптың жырауы екі-үш шумақтан тұратын жыр арқылы өз тобының артықшылығын, мықтылығын дәлелдейді.

Төртінші айналым - «Таразы» - 5 минут

Бұл кезеңде ойыншылар алғашқы, жалпы ойынды таразылайды. Ойын барысындағы туындаған мәселе мен оны шешу жолында қарсыластар тарапы не айтты, мен не айттым соны ой таразысына салады. Қорыта келіп, не келісімге келу жолын іздейді, не өз ұсынысының артықшылығын дәлелдейді.

ЗАҢДЫЛЫҚТАР:

Кез-келген ойын белгілі бір заңдылыққа құралады.

Жалған дәйек

Ойыншы ойын барысында жалған дәйек көрсетіп, оны қарсылас тарап ескерген жағдайда бір сәуле алынып тасталады.

Зәғар сөз

Ойын барысында ойыншы қарсылас тарапқа сыйластық танытпаса, яғни оның ар-намысына тиер сөз айтса, оны қарсылас тарапы ескеріп, қазыға айтқан жағдайда, қарсылас тарап ескертпе алады және ұпайы төмендейді.

Бәдік сөз

Ойын деңгейін арттыру мақсатында, ойын барысында мәнсіз, мағынасыз сөздер айтылса, яки тақырыпқа сай емес пікірлер қозғалса, ойын автоматты түрде тоқтатылып, қарсылас тарапқа жеңіс беріледі. Алайда жеңіс тек қарсылас тарап ойыншысының қателігін ескерген жағдайда ғана беріледі.

Шала тіл

Ойын барысында ойыншылар тек қазақ тілінде сөйлеуге міндетті. Егер ойыншылар орысша сөз қолданса және қарсылас тарап оған 4 ескертпе жасаса, одан соң бесінші рет орысша сөз қолданса, бір сәуле алынып тасталады.

БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ:

Сәуле – көк байрағымыздың ажырамас бөлігі, әрі дана халқымыз білімді адамды «Көзі ашық, көкірегі ояу адам екен, кеудесінде сәулесі бар екен» деп бағалайды. Сондықтан біз де, Бала билеріміз осы ойында білімімен қатар кеудесіне сәулелерін жинаса екен деген мақсатты ұстандық. Сіздердің көп сәуле жиып, кеуделеріңізге күн орнатуларыңызға тілектеспіз. Себебі

ойын шарты бойынша он сәуле бір күнді құрады. Егер де сіз бірнеше ойын қорытындысы бойынша жиырма бес сәуле жинасаңыз ол екі КҮН бес СӘУЛЕ болып есептеледі.

Әр айналымның бағалануы:

«Қоржын» айналымы:

Қоржын кезеңінде Қазылар Уәзірлердің киім үлгісіне, сөйлеу мәнеріне, дауысына, тақырыпты түсінуіне, оның зерттеуі мен ойының өзектілігіне, Қара сөздермен қиыстыруына, сөздерінің салмақтылығына, мәдениеттілігіне баға береді. Бұл кезеңге барлығы 10 сәуле беріледі. Қазылар өзара келісімімен он сәулені екі қанаттың жоғарыдағы критерийлер бойынша сәулелерді бөліп береді. Мысалы: оң қанатқа 4 сәуле берсе, сәйкесінше сол қанатқа 6 сәуле беріледі.

«Ұлылар сөзі» айналымы:

Бұл кезеңде Екі қанаттың жауаптарының дұрыстығы мен толықтығына көңіл бөлінеді. Уәзірлер жауапты жалпылама дұрыс, бірақ толықтырып жауап бермесе, Қазылар 1 cәуле ғана, жауап толық болған жағдайда 2 сәуле береді.

«Жыраулар жырлайды» айналымы:

Аты айтып тұрғандай, бұл кезеңде Уәзірлер демалып, Жырауларға кезек беріледі. Қазылар жыраулардың жырларының тақырыпқа сай келуіне, мағынасына, суырып салма шеберлігіне баға береді. Бұл кезеңде де 10 сәуле ойнатылады. Жыраулар жеңіп алған сәулелер Уәзірдің есебіне қосылады.

 

«Таразы» айналымы:

Қазылар таразы кезеңінде екі қанаттың жалпы тақырыптан түйген түйіндеріне, ойынды таразылауларына, қарсыласқа берген шебер жауаптарына баға береді. Таразы кезеңіне де 10 сәуле беріледі. Екі қанаттың сәулелері тең түскен жағдайда би өз шешімімен басым түсті деген қанатқа қосымша бір сәуле береді.

Сайысты қорытындылау және қатысушыларды марапаттау

Сайыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтайды. Жеңімпаз топтар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, кубоктармен және сыйлықтармен марапатталады. Сайыстың барлық қатысушыларына қатысқаны үшін сертификаттар беріледі

Облыстық «Бала би» шешендік өнер сайысына қатысу жөнінде

 

Жаңартылған күні: 17.01.2022 13:15
Құрылған күні: 17.01.2022 13:15

Текст