Зеренді аудандық балалар шығармашылық үйінің "Жас сахна" театр үйірмесіндегі (жетекшісі: Атымтаева Жансая Еркешқызы) жас өнерпаздар қауымы Мәлік Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектепте ұйымдастырылған мерекелік іс-шара шымылдығын "Желтоқсан" атты шағын қойылыммен ашты. Қойылым барысында қиын қыстау күндерде етігімен су кешкен, қыршынынан қиылған қазақ жастарының суық күнде көрген бейнеті, жан азабы түрлі мизансцена мен пластикалық қимыл-қозғалысқа, ащы айқайға, жас таланттардың оқиғаны сезінген кіршіксіз көз-жасы мен мимикасына негізделді. Көрермен қауым жүрегіне шынайылығымен, өткірлігімен жол салған бұл шағын қойылым тәуелсіздіктің тағылымын түйсінген әрбір жанның жанарына жас ұялатты. Мерекелік шараның беташары болған бұл қойылымды жас өнерпаздар бір күнде екі мәрте, яғни, нөмірі біріншіЗеренді орта мектебінің сахнасында да жұртшылық назарына ұсынып үлгерді. Ондағы залдың қошемет-ризашылықтарынан қойылым мен оны жетесіне жеткізіп ойнаған жас актерлер лайықты бағасын алғаны анық болды.
Зеренді аудандық балалар шығармашылық үйінің "Жас сахна" театр үйірмесі сахналық қабілеті бар жасөспірімдерді тәлім мен тәрбиеге, сахна мәдениетіне, актерлік шеберлікке бейімдеп, сахналық зейіндерін ашатын талай жылдық тарихы бар мәдени ұйым. Бүгінгі таңда аталмыш театр үйірмесіне 7, 8, 9-сынып оқушыларынан құралған 10-нан астам жас өнерпаз қатысуда.
Халық даналығында "Өнер тамған он саусақ үзілмейтін ырысың", "Өнерлі істе жеміс бар, өрелі істе жеңіс бар", "Өнерлі ел налымас, өнерсіз ел жарымас" дейтін нақыл сөздер көп. Соған қарағанда, "Өнер" - адамзат баласына Тәңірден келген үлкен сый болса керек. Дарын мен таланттың кішкентай ұшқыны байқалса-ақ оны одан әрі жетілдіріп, шыңға көтеру сенің қолыңда емес пе?! Жалпы," Өнер" деп ортақ аталуы болмаса, оның жіктелуі сан түрлі. Соның ішінде бүгін мен тілге тиек етіп отырған өнер кенішінің ең бір асыл да киелі қазынасы, ол - Театр. Театр өнері - ән мен биді, сахна тілі мен сахна қозғалысын, түрлі акробатика мен хореографияны, драматургия мен режиссураны, ең бастысы актерлік өнерді, бәрі-бәрін бір мүддеге тоғыстырған синтездік өнер. Бұл өнерге біреу жан қалауымен, біреу қанға сіңген қасиетпен келсе, енді біреуі тағдыр салған жолмен келеді. Ал менің пайымдауымша, ең дұрыс жол - өнерді арман еткен кез келген баланың санасына оның сәби кезінен бастап нұр құю. Болашаққа бастаған әр қадамына қолдау көрсетіп, мектеп жасынан оқудан тыс түрлі үйірмелерге, көркемөнерпаздар ұйымына қатыстырып, қарым-қабілетін шыңдау. Сонда ғана оның арманы мен бойындағы талант ұшқыны және жасынан баулып үйреткен еңбегі үшеулеп нағыз кәсіби шебер деңгейіне жеткізері хақ. Сондықтан, тәуелсіз елімізде алдымызға тәуелсіз арман мен мақсат қойып, болам деген баланың бетін қақпай, белін буып, нағыз таланттарды сіз бен біз бірге тәрбиелейік! Тәуелсіздігіміз мың жасап, таланттарымыз көбейе берсін!
БШҮ «Жас сахна" театр
үйірмесінің жетекшісі
Жансая АТЫМТАЕВА.